«Әлемге әйгілі Қазақстан» тақырыбында өткізілген мерекелік шаралар

«Қазтелерадио» акционерлік қоғамында 2011 жылдың 15 желтоқсанында Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігінің 20 жылдығын атап өтті. Азаттық жолында құрбан болған азаматтарды еске алу, Отанға, туған жерге деген сүйіспеншіліктерін арттыру, өз елінің тарихын білу, патриоттық сезімдерін арттыру мақсатында Ұйымдастыру және бақылау департаментінің ұйымдастыруымен Қоғам қызметкерлері арасында Қазақстан Республикасы Тәуелсіздігінің 20 жылдығына арналған «Әлемге әйгілі Қазақстан» тақырбында мерекелік шаралар өтті.

Мерекенің салтанатты ашылуында сөз сөйлеген Басқарма Төрағасы Абай Марабайұлы Қадырәлиев Қоғам қызметкерлерін Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойымен құттықтап, еліміздің өсіп-көркеюіне Қоғамның қосқан үлесін атап өтті. Мемлекетіміздің дамуына аянбай еңбек еткен жұмыскерлерді Президентіміз Н.Ә. Назарбаевтың атынан «Қазақстан Республикасының Тәуелсіздігіне 20 жыл» мерейтойлық медалімен және Құрмет грамоталарымен марапаттады.

Басқарма Төрағасы А. Қадырәлиевтің құттықтау сөзі мен марапаттауы мерекелік шарамен жалғасты. Мерекелік шараны Сабыржан Ғалымжан мен Титова Нұргүл жүргізді. Шара мемлекеттік гимнмен басталды. Ғалымжан «Желтоқсан тәуелсіздік жолын ашты» өлеңін оқып, көрермендердің жүрегіне жеткізе білді.1986 жылы азаттық жолында құрбан болған ұл-қыздарымызды еске алып, бір минут үнсіздік сақталды. Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық кезеңіне хронологиялық шолу жасалып, еліміз қол жеткізген жетістіктер туралы слайдтар көрсетілді.

Қоғам қызметкерлері өз өнерлерін ортаға салып, мерекелік шараны ән-шашумен бастады. Садықов Шыңғыс «Әлқисса», «Түркімен» күйлерін орындап қазақтың қара домбырасының үнімен бойды алса, Минеева Дина мен Ахметказиева Әсел «Қаражорға» биімен көрермендерді бір серпілтті. Мерекелік бағдарлама курс тыңдаушыларының орындауындағы «Қазағым» әнінмен жалғасын тапты.

Жиырма жыл ішінде біздің еліміз әлемге тәуелсіз, бейбітшілікті жақтайтын, көп ұлтты халқы бірлік пен ынтымақта тұратын мемлекет болып таныла білді. Біздің көп ұлтты Орталық аппараттың қызметкерлері нағыз патриот екенін және қазақ тілі курсында алған білімдерінің нәтижесі ретінде М. Мақатаевтың «Отан» (Жанна Капсаланова), К. Ахметованың «Атамекен» (Вугар Аласкаров), М. Мақатаевтың «Үш бақытым» (Михаиил Акимов) өлеңдерін оқып дәлелдеді. Сонымен қатар көрермендер арасында «Отан» туралы қазақ-орыс тілдерінде мақал – мәтел жарысы ұйымдастырылды. Отанға деген сезімді қай тілде болмасын жеткізуге болатынын білдірді. Әсіресе өзге ұлт өкілдері қазақ тілінде мақал-мәтел айтып көпшілікті таңқалдырды. Мерекелік концерт соңында барлық қатысушылар Е. Хасанғалиевтің «Атамекен» әнін орындады.

Тәуелсіздігіміздің 20 жылдық мерейтойы тек мерекелік концертпен шектелген жоқ. Мереке қарсаңында блоктар арасында: қызметкерлер Lotus Notes ЭҚА арқылы танымдық сұрақтарға жауап алу, қабырға газетін шығару, мерекелік ән-шашу конкурстары өткізілді. Әділқазылар шешімімен: 1-орынды Техникалық, 2- Әкімшілік стратегиялық, 3- Қаржы блоктары иеленді. Орталық аппарат басшысы О.О. Қожанова конкурс жеңімпаздарын атап, дипломдар мен естелік сыйлықтарды тарту етті.

Жаңбырменен ел көгерер, батаменен ел көгерер демекші, мерекелік шара Аласкаров Вугар қауымға өзі шығарған ақ батасымен аяқталды.