Орыс тілінде таралып, қазақ тілінде субтитрленген өнім мемлекеттік тілге қатысты талапты орындаған болып саналмайды – Л. Танысбай

АСТАНА. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ – Заң нормаларына сәйкес, орыс тілінде таралып, қазақ тілінде субтитрленген өнім мемлекеттік тілге қатысты талапты орындаған болып саналмайды.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Байланыс және ақпарат вице-министр Ләззат Танысбай осылай мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, ведомство тарапынан телеарналардағы мемлекеттік тілде хабарлар таратуға қатысты мониторинг жүргізіп келеді. «Негізінен республикалық телеарналар мемлекеттік тілде хабар таратуға қатысты заң нормасын сақтап отыр. Олардың мемлекеттік тілдегі ұсынатын өнімдері 50 пайыздан кем емес. Алайда, жекеменшік арналар мемлекеттік тілге қатысты 50 пайыздық үлесті сақтау үшін өздерінің өнімдерін орыс тілінде ұсынып, қазақ тілінде субтитр салады және осыны мемлекеттік тілдегі өнім ретінде ұсынып, 50 пайыздық талапты сол арқылы жауып келеді. Бұндай олқылық бүгінгі заң нормалары арқылы жойылатын болады», – дейді Л. Танысбай. Оның айтуынша, заң жобасында тілге қатысты талап нақты көрсетіледі. Соған сәйкес, орысша беріліп қазақ тілінде субтитрленген өнім мемлекеттік тілге қатысты талапты орындаған болып саналмайды.