Телеарналардағы отандық контент өнімі көлемі 2018 жылға қарай біртіндеп 50 пайызға жеткізіледі – Л. Танысбай

АСТАНА. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ - Телеарналардағы отандық контент көлемі 2018 жылға қарай біртіндеп 50 пайызға жеткізіледі.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Байланыс және ақпарат вице-министрі Ләззат Танысбай осылай мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, аталған құжаттың телевизия саласымен қатар бүкіл қоғамды дамыту үшін маңызы зор болып табылады. Бұл ретте күні бүгінге дейін елімізде телевизия саласы қарқынды дамығанына қарамастан, саланы құқықтық реттейтін заң болмай отырғанын айта кету керек.

«2015 жылы Қазақстан телерадиохабар таратуда цифрлық форматқа көшетіні белгілі. Ал бұл өз кезегінде көптеген құққықтық мәселелерді туындататыны айқын. Оның ішінде бұндай тарату жүйесі арқылы отандық телеарналар санының артатыны күтіледі. Яғни, жаңа қызықты арналардың ашылуына мүмкіндік туады. Бұл ретте заң жобасы телехабарларды таратудың цифрлық форматқа көшу кезеңін және одан кейінгі кезеңіндегі мәселелерді реттейді», – дейді Ләззат Танысбай.

Оның айтуынша, заң жобасы азаматтардың отандық телерадиоарналарға қолжетімділігін қамтамасыз етеді, ақпараттық қауіпсіздікті күшейтеді. Отандық ақпараттық кеңістікті дамытып, оның бәсекеге қабілеттілігін арттырады. Телерадио саласындағы субъектілер қызметін де белгілейді. «Қазіргі таңда біздің кейбір тееларналарда қатыгездік пен зорлық-зомбылық порнографиялық материалдары кезігеді. Сол себепті осындай бағдарламалар мен фильмдерді көрсетпеуге, әсіресе, балалар психологиясына кері әсерін тигізетін телеөнімдерді көрсетуге тыйым салынады. Заң жобасында қазақстандық телерадиоарналардағы отандық контент өнімі көлемі 2018 жылға қарай біртіндеп 50 пайызға дейін жеткізілетіндігі көрсетілген. Отандық контентті дамытуда арналардың еркін қолжетімді және міндетті пакеттері қалыптастырылады», – дейді вице-министр.