Әлеуметтік әлсіз қорғалған тұрғындарға цифрлық приставкалар республикалық бюджеттен сатып алынып беріледі – Л. Танысбай

АСТАНА. ҚазАқпарат /Қанат Мәметқазыұлы/ – Әлеуметтік әлсіз қорғалған тұрғындарға цифрлық приставкалар республикалық бюджеттен сатып алынып беріледі.

ҚР Парламенті Сенатының жалпы отырысында «Телерадио хабарларын тарату туралы» Қазақстан Республикасы заң жобасы бойынша баяндаған ҚР Байланыс және ақпарат вице-министр Ләззат Танысбай осылай мәлімдеді.

Вице-министрдің айтуынша, заң жобасында бекітілген басты мәселенің бірі – барлық отандық телеарналар цифрлық жүйеге көшуде ұлттық оператордың сандық пакетіне қосылуға кепілдік алуы. Нәтижесінде жұртшылық арасында 100 пайыз цифрлық тарату енгізіліп, олар отандық арналармен қамтылады. «Сонымен қатар, шетелдік тәжірибе негізінде әлеуметтік әлсіз қорғалған тұрғындарға цифрлық приставкалар республикалық бюджетінен сатып алынып беріледі», – дейді Л. Танысбай. Оның айтуынша, заң арқылы шетелдік телеарналар да уәкілетті органдарда есепке тұруға міндетті болады. Ал кабельді операторлар тек есепке қойылған арналарды ғана тарата алады.

Сондай-ақ, тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік аумағында дара жерсеріктік және эфирлік қабылдағыш құрылғыларын, тұрғын үй кешендеріндегі кабельдік коммуникацияны орналастыру бойынша талаптарды белгілеу құқығын облыстардың, республикалық маңызы бар қалалардың және Астананың мәслихаттары мен әкімдіктеріне ғана емес, қалалар мен аудандардың жергілікті өкілді және атқарушы органдарына беру де көзделеді. Бұдан бөлек, телебағдарламаларды тарату кезінде мүгедектердің құқықтары мен мүдделерін қорғау мақсатында жаңалық сипатындағы телебағдарламаларды сурдоаудармамен немесе субтитрлер түріндегі аудармамен қамтамасыз ету қарастырылады.