Ұлттық «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісі абоненттерінің саны 100 мыңға жетті

АЛМАТЫ. 15 ақпан. ҚазАқпарат – Бір жыл ішінде 6500-ді құраған абоненттердің саны 100 мыңға дейін артып, елді мекендерге қызметтің таралу деңгейі 13 пайыздан 78 пайызға дейін өсті.

Мұндай қарқынды халықтың соңғы жаңалықтан хабардар болсақ деген талпынысымен түсіндіруге болады. Бұл туралы бүгін Алматыда «Қазтелерадио» АҚ Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісінің жұмыс қорытындысына арналған баспасөз мәслихатында аталмыш мекеменің Бас техникалық директоры Базарбек Қартжанов мәлім етті.

Естеріңізге сала кетейік, 2011 жылдың 18 қаңтарында Астанада Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен Ұлттық жерсеріктік телерадиохабар таратылу желісі «OTAU TV» деген жаңа сауда белгісімен сандық DVB-S2 MPEG-4 стандартында іске қосылды. Ол кезде жерсеріктік желі абоненттерінің саны 6500-ді құраған. Жаңа стандартқа көшпес бұрын жерсеріктік хабар тарату қызметі «Кателко Плюс» сауда белгісі арқылы көрсетіліп келді.

«Ұлттық жерсеріктік телехабар тарату желісін енгізгенге дейін еліміздегі отбасылардың жартысынан астамы отандық небәрі 4 телеарнаны тамашалауға мәжбүр болды. Қазақстандықтарға жаңа мүмкіндік беру – «OTAU TV» желісінің басты мақсаты болғандықтан, бүгінде желі ең шалғай орналасқан абоненттерге отандық 33 теле және 5 радиоарнаны сандық сапада көріп, тамашалауға мүмкіндік беруде», – деді Б. Қартжанов.

Коммерциялық мәселелер жөніндегі басқарушы директоры Евгений Галкиннің айтуынша, бүгінде желіде таратылатын телеарналардың саны 60-тан 87-ге дейін ұлғайтылған.

«Қазіргі уақытта жерсеріктік телерадиохабар тарату желісінде 38 арнадан құралған отандық телерадиоарналардың тегін пакеті қалыптастырылды. Арыз-шағымдарды қабылдау және өңдеудің бірыңғай қызметі (Call-Centre), сондай-ақ сатылым орталықтары мен барлық облыс орталықтарында және Астана, Алматы қалаларында делдалдармен жұмыс бір ізге қойылды. Бүгінде серіктес -дилерлеріміздің саны 400-ден асты. Ал, желіге қосылу құны (жерсеріктік қабылдауыш жабдық жинағы, құрастыру және жөнге келтіру жұмысы) республика бойынша орташа есеппен 60 000 теңгеден 30 000 теңгеге дейін төмендетілді. Осы негізгі факторлардың арқасында 100 000 абоненттік межеге жету мүмкін болды», -деп атап өтті ол.

Шара барысында «Қазтелерадио» өзінің 100 мыңыншы абонентін серіктес-компания LG Electronics ұсынған HD-стандарттағы СК-теледидарымен және арналардың толық пакетін 3 ай мерзімге тегін көру мүмкіндігін беру түріндегі бағалы сыйлықтарымен марапаттады. Бағалы сыйлық Алматы облысы, Талғар ауданы, Қызыл Қайрат елді мекенінің тұрғыны Зияда Байжановаға бұйырды.