Қазақ тілі курсының тыңдаушылары арасында Наурыз мейрамы аталып өтті

Қазақ тілі курсының тыңдаушылары арасында

Наурыз мейрамы аталып өтті

Наурыз мейрамына орай Ұйымдастыру және бақылау департаментінің Мемлекеттік тіл бөлімінің ұйымдастыруымен 20 наурызда «Қазтелерадио» АҚ қазақ тілі курсының тыңдаушылары арасында «Көктем кереметі» тақырыбында танымдық ойыны өтті. «Көктем кереметі» деп аталу себебі: көктемде табиғат жаңарады, күн мен түн теңеледі, барлық тірі жан иелері өз тіршілігін бастайды. Сондықтан да, көктем – ерекше жыл мезгілі. Осы жыл мезгілі мерекелерге бай: 8 наурыз – Халықаралық әйелдер күні, 22 наурыз – Наурыз мейрамы, 1 мамыр – Қазақстан халықының бірлігі мерекесі, 9 мамыр – Жеңіс күні, 7 сәуір – Халықаралық денсаулық күні, 12 сәуір – Ғарыш күні, 16 сәуір – Ғылым күні, 7 мамыр – Отан қорғаушы және радио күні. Осыған байланысты танымдық ойынның аты «Көктем кереметі» болып аталды. Өткізілген шараның мақсаты: «Қазтелерадио» АҚ қызметкерлері арасында мемлекеттік тіл деңгейін көтеру, тыңдаушылардың қазақ тілі курсынан алған білімдерін бекіту, шыңдау, сонымен қатар ұжымдағы ұлтаралық татулықты бекіту.

Қазақ тілінде еркін сөйлеп мерекелік шараны жүргізген Жерсеріктік желілерді пайдалану бөлімінің жетекші маманы Акимов Михаил мен Радиохабарларды дамыту бөлімінің бас маманы Плюшко Елена көрермендердің ықласына бөленді. Осы ойынды әділ бағалау мәртебесі Аппарат басшысы – О.О. Қожанова, Басқарушы директор-бас коммерциялық директордың орынбасары – Е.Ю. Галкин, Жерсеріктік желілер жөніндегі басқарушы директор – В.В. Толкуновтарға ұсынылды.

«Көктем кереметі» танымдық ойынында командалар тапқырлықты, белсенділікті қазақ тілі курсынан алған білімдерін көрсете білді. Ойынға «Талап», «Сұңқар», «Наурыз» командалары қатысты. Ойын үш турдан тұрды:

Бірінші тур – «Сөз тапқанға қолқа жоқ», бұл турдың мақсаты: әр қатысушы әріп таңдап, қойылған сұрақтарға қазақ тіліне тән 9 әріпті қолданып тез арада, тапқырлықты көрсете сөздер, сөз тіркестерін, сөйлемдерді құрастыру;

Екінші тур – «Көктем кереметі», осы турдың мақсаты берілген сұрақтарға жылдам, дұрыс, мәнерлеп жауап беру;

Үшінші тур – «Жадыңда жүрсін жақсы сөз». Бұл турдың мақсаты: ұяшық артында жасырылған сұрақтарға жауап беру арқылы осы рубрика бойынша сабақта алған білімдерін көрсете алу, мақал-мәтелдердің мағынасын ашу, толықтыру.

Шығыс халықтары мерекесі болғандықтан Қоғамда жұмыс істейтін әр ұлт өкілдері өз ұлтына тән өнерлерін көрсетті. Әр турдың арасында әр ұлттың әні шырқалды, күйі ойналды, би орындалды. Қазақ күйлеріне попурри орындаған – Телерадио арналармен жұмыс бөлімінің бас маманы Енсебаева Балжан мен Корпоративтік жүйелерге әкімшілік ету бөлімінің бас маманы Садықов Шыңғыс, өзбек әнін тамылжыта орындағандар – Ақпараттық қызмет көрсету бөлімінің жетекші маманы Кривенцова Екатерина мен Техникалық қолдау және аймақтық басқару бөлімінің маманы Тажібаев Нұрлан, Мемлекеттік тіл бөлімінің атынан жетекші маман Шарипова Рауия Талғатқызы ұйғыр биімен мерекелік тарту жасады.

Нәтижесінде «Наурыз» командасы бірінші орынға, «Сұңқар» командасы екінші орынға, ал «Талап» командасы үшінші орынға ие болды. Командаларға дипломдар мен естелік сыйлықтар тапсырылды. Жалпы алғанда ойын танымды, әрі қызықты өтті.