«OTAU TV» отандық жер серігіне көп балалы отбасылар мен зейнеткерлерді жеңілдікпен қосу жолын қарастыру қажет – Мәжіліс депутаты

АСТАНА. 28 мамыр. ҚазАқпарат – «OTAU TV» отандық жер серігіне ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын, көп балалы отбасылар мен зейнеткерлерді жеңілдікпен қосу жолдарын қарастыру керек.

Бұл туралы Парламент Мәжілісінде ақпараттық коммуникация технологиялары саласын дамыту қорытындылары тақырыбында өткен Үкімет сағатында Экономикалық реформа және өңірлік даму комитетінің төрағасы, депутат Сейітсұлтан Әйімбетов айтты.

«Ұлттық телерадио хабарларын таратуды дамытуға қолайлы жағдай жасау үшін қазіргі уақытта аумақтарды 100 пайыз қамтуға есептелген және кез келген елді мекендерде қызметке қосылуға мүмкіндік беретін «OTAU TV» отандық спутниктік хабар таратудың жаңа желісі пайдалануға берілгенін атап өту қажет. Осыған байланысты республиканың барлық облыс орталықтарында Сату орталықтары құрылған. Алайда, желіге қосу үшін қажетті абонеттік қабылдау мен монтаждау жабдықтарын жеткізуді дилерлік желілер арқылы жүзеге асыруға мүмкіндік беріп қойған», – дейді депутат С. Әйімбетов.

Депутаттың айтуынша, «OTAU TV» отандық жер серігін енгізуге қатысты жабдықтардың бағасы әртүрлі. Мәселен, спутниктік хабар тарату желісіне қосу үшін қажетті абонеттік қабылдау жабдықтары, отбасы бюджеті үшін 25 000 – 28 000 теңге болады.

«Сондықтан осы желіге ауыл тұрғындарының әлеуметтік жағынан әлсіз топтарын, оның ішінде көп балалы отбасылары мен зейнеткерлерді жеңілдікпен қосу мүмкіндігін қарастыруды ұсынамыз», – дейді С. Әйімбетов.