Қазақстанда «Бiлiм» алғашқы білім телеарнасы ашылды

Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республикадағы «Білім» алғашқы білім телеарнасын іске қосты.

Президент телеарнаны бүгін Астанада «Назарбаев университетінде» интерактивті дәріс өткізу кезінде ашып берді.

Білім және ғылым министрлігінің баспасөз қызметі таратқан бүгінгі хабарламаға сәйкес, «Білім» телеарнасы сандық жүйеде хабар тарату жөніндегі ұлттық бағдарлама шеңберінде арнайы құрылған.

Бірінші кезеңде телеарна «OTAU TV» ұлттық спутниктік телеарнасы және цифрлы эфирлік телевизия арқылы хабар таратады, кейіннен қазақстандық кабельді операторлар арқылы таратылады.

«Білім» телеарнасы қазақ, орыс, ағылшын тілдерінде хабар таратады. Телеарнада ірі қазақстандық және әлемдік ғалымдардың бірегей дәрістері, ғылыми әйгілі бағдарламалары, танымдық деректі сериалдар, жоғары, орта жіне мектепалды білім беру туралы көрсетілімдер ұсынылады.

ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН