«Ел мәдениеті – тілден басталады» мерекесі

            22 қыркүйек – Қазақстан Республикасы халықтарының тілдер мерекесі. Бұл – барша елге ортақ, жалпы халықтық мереке, барлық ұлт өкілдеріне көрсетілген құрмет. Мемлекетіміздің Ата Заңында: «Қазақстан Республикасының азаматтарына нәсіліне, ұлтына, тіліне қарамастан құқықтық теңдікке кепілдік беріледі» – деп анық көрсетілген. Тілдер мерекесін өткізу, Ұйымдастыру және бақылау департаменті Мемлекеттік тіл бөлімінің жыл сайынғы дәстүріне айналған. Бұл мереке 2013 жылдың 13 қыркүйегінде Қоғамда биыл үшінші жыл тойланды, әр жылдағы тойлаудың өз ерекшелігі бар, биылғы шараның ерекшелігі «Ел мәдениеті – тілден басталады» атты шара қазақ тілінен курс бітірген қызметкерлер арасында КТК (Көңілді тапқырлар клубы) түрінде өткізілуінде.

Қызметкерлер арасынан екі команда құрылды: «Достық» және «Телерадио қырандары».  Әр команда құрамында 4-5 қатысушы. Командалардың өнерін тамашалауға Қоғам қызметкерлері жиналды, командалар сайысының әділдігін бағалау үшін қазылар алқасы анықталды, олар келесі конкурстық тапсырмалар бойынша баға берді:

«Ең бірінші бақытым – тілім менің … » тақырыбына команданың презентациясы қазақ тілін насихаттауға бағытталған көрініс ұсынса, Ой ширатуда – қойылған сұрақтарға тапқырлықпен жауап берді, «Мамандығым – мақтанышым» тақырыбына үй тапсырмасы – Қоғам қызметкерлері өмірінен қызметті жарнамалау мақсатында театрландырылғанған көрініс көрсетілді, ең соңғы сайыс Капитандар конкурсында екі команда әзілдер шеруін құрды.  Әр тақырыпта айтылған әзілдер, көрермен көңілінен шығып, қатысушыларды күлкіге бөледі.

Қоғамымызда Қазақ тілінің мәртебесін өсіріп, мемлекеттік тілді қастерлеп, мемлекеттік тілдің өз тұғырына қонуына атсалысып жүрген өзге ұлт өкілдері қаншама, атап өтер болсақ: М.Акимов, В.Аласкаров, А.Мухтаров, Д.Минеева сынды қызметкерлер.

Конкурс нәтижесі бойынша әр сайыста алда жүрген «Достық» командасы жеңімпаз атанды. Сайыс барысында сахна Қоғамда өткізілген іс шаралар бейнелеген газеттермен, іс шара материалдарының көрмесімен  көркемделді. Әр сайыстың арасында Күзет қызметінің маманы Қанат қазақтың қара домбырасымен  ән айтып, кештің сәнін кіргізді. Кеш соңында жеңімпаз атанған «Достық» командасы дипломмен марапатталып, естелік сыйлықтарға ие болды. Жеңімпаз команданың құрамында өнер көрсеткендер: Ш.Садықов, Д.Минеева, А.Тухметова, А.Оңалсынұлы, команда капитаны А.Мухтаровтар болды. Кеш соңында Бас әкімшілік директор Базарбай Бақытұлы Жарменов барлық Қоғам қызметкерлерін бүгінгі мерекемен құттықтап, командаларға өз алғысын айтты, сондай-ақ республикалық «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» фестивалінде қатысушыларына тілек білдірді.

Тілдер меркесі  Қостанай қаласында өткен республикалық фестивальде жалғасын тапты. Қостанай қаласында 2013 жылдың 18 қыркүйегінде Қазақстан Көлік және коммуникация министрлігінің байланыс операторлары арасында «Қазақтелеком» АҚ-ның ұйымдастыруымен дәстүрлі республикалық «Мемлекеттік тіл – ұлт бірлігінің басты факторы» атты Тілдер фестивалі өтті. Бұл шара байланыс операторлары арасында алтыншы рет ұйымдастырылып отыр. Біздің Қоғамның алғаш рет қатысуы. Жалпы бәсекеге түрлі байланыс операторларынан құралған 6 команда қатысты.

Біздің команданың аты «Телерадио қырандары», Қазтелерадио намысын қорғағандар: Аласкаров Вугар – капитан, Акимов Михаил, Тәжібаев Нұрлан, Ергешова Айгүл. Қатысушылар ҚР Көлік және коммуникация министірлігінің Құрмет грамотасымен, бағалы сыйлықтармен марапатталып, көрермендер көзайымы аталды. Біздің команда қатысушылары бәсекелес командаларға қарағанда екі есе аз болуына қарамастан, өз міндеттерін солармен теңдей дәрежеде атқарып, 4-орынды иеленді.

Көрмеде 2011-2013 жылдарғы «Қазтелерадио» АҚ қызметінің негізгі бағытын және Қазақстан Республикасының «Қазақстан Республикасындағы тіл туралы» Заңының іске асырылу барысын көрсететін түрлі-түсті бүктемелер, оқыту және оқыту-әдістемелік семинарлар, дөңгелек үстел, интеллектуалдық байқаулар, конкурстардың қызықты сәттері, іс-шаралардан түсірілген фотомонтаж және телерадио саласының терминдер сөздігі, қазақ тілі курстарына арналған бағдарламалар, тіл туралы белгілі жазушылардың, ақындардың, мемлекеттік қайраткерлердің қанатты сөздері жинақталған екі стенд болды.

Жоғарыда жүргізіліп жатқан іс-шаралар елімізде қазақ тілінің өсуі мен өркендеуі үшін жасалып жатқан игі істер. Күн өткен сайын елімізде тұратын өзге ұлт өкілдерінің тіл үйренудегі қарқыны дамып келеді. Елбасымыз Н.Назарбаевтың «Еліміздің болашағы – қазақ тілінде» деп айтқан ұлағатты сөзі елімізде тұрып жатқан көпұлтты халықтың бірлігі мен татулығын біріктіріп, достықтың киелі мекеніне айналдырып келеді.