«Мемлекеттік тіл – менің тілім» конкурсы өткізілді

2014 жылғы 19 қыркүйекте Қоғамның орталық аппараты құрылымдық бөлімшелері арасында Қазақстан халқы тілдері күніне арналған «Мемлекеттік тіл – менің тілім» атты көңілді тапқырлар клубы  (КТК) форматындағы конкурс өткізілді.Конкурсты Мемлекеттік тілді енгізу жөніндегі комиссия төрағасы, Бас әкімшілік директор Б.Б. Жарменов ашып, өз сөзінде Қоғам бұл шараны Қазақстан Республикасы «Тіл туралы» Заңының қабылданғанына 25 жыл толуы мен Қазақстан халқының тілдері күні мерекесіне орай өткізіп отырғанын атап өтті.Конкурсқа  әкімшілік, коммерциялық, техникалық блок қызметкерлері қатысты.  Техникалық блок қызметкерлерінен құралған команда – «Қазақ STAR», коммерциялық блок командасы – «Күлегештер», әкімшілік блоктың тобы  – «Тұмар» деген атауларды  таңдап алды. Олар «Таныстыру», «Ширату», «Үй тапсырмасы» деп аталатын үш кезең бойынша сайысқа түсті.Бірінші кезеңде әр топ «Мемлекеттік тіл – менің тілім» тақырыбында команданың тұсаукесерін таныстырды, яғни команданың аты, ұраны, көрерменмен сәлемдесу тақырыбында өнер көрсетті. Бұл сайыста дайындалған мәтіндердің мазмұнына, оның дұрыс орындалуына, айтылуына назар аударылды.ІІ кезең – «Ширату» сайысында командаларға мемлекеттік тілді әдемі әзілмен көркемдей отырып, насихаттау міндеті қойылды. Сондай-ақ, Қоғамда елімізді мекен еткен басқа халықтардың тілдерін, салт-дәстүрлерін, мәдениеті мен тұрмысын құрметтеу, насихаттау бағытындағы екі сұрақ пен оған өздері дайындаған жауаптарын мәнерлеп жеткізу тапсырылды.Конкурстың ең қызықты да көңілді бөлігі – «Үй тапсырмасы» деп аталған  ІІІ кезең болды. Бұл сайыста командаларға «Қоғамдағы мемлекеттік тілдің болашағы» тақырыбында блок қызметкерлері өмірінен алынған қызықты, күлкілі оқиғаларды қысқа әзіл-сықақ қойылым, монолог, диалог, көрініс немесе бейнежазба түрінде дайындауға тапсырма берілді.Конкурстың барлық сайыстарында техникалық блок қызметкерлерінен құралған «Қазақ STAR» командасы тапқырлықтарымен, әдемі әзілдерімен ерекше көзге түсті. «Күлегештер» және «Тұмар» командалары да іс-шараның мазмұнды, көңілді өтуіне бар ынта-жігерлерін салды. «Бір жағадан бас, бір жеңнен қол» дегендей, бірлескен ұжымдық рух конкурсты есте қаларлықтай жарқын іс-шараға айналдырды.Осылайша Қоғам жұмыскерлерінің ризашылығын тудырған айтулы шараны Әкімшілік мәселелері жөніндегі басқарушы директор Қабылбек Дүйсенұлы Білісбаев қорытындылады. Үш сайыстың нәтижесі бойынша жалпы саны 83 балмен «Қазақ STAR» командасы (көшбасшысы – Андасбаева Сайра) І орын, 75 балмен «Күлегештер»  (көшбасшысы – Серимбетов Заур) ІІ орын және 69 балмен «Тұмар» командасы (көшбасшысы – Шарипова Рауия) үшінші орынға ие болды.
Сонымен қатар, осы конкурс аясында Қоғам қызметкерлері арасында Lotus Notes арқылы викторина жүргізілді. Ең үздік жауап берген бірінші үштікке Қаржыны бақылау департаментінің бас маманы Сатиев Бекзат, Аналитика және қызметтерді жоспарлау бөлімінің бас маманы Ізбасарова Әлия, Ақпараттық қызмет көрсету бөлімінің маманы Арыстанбекова Әсел ілікті. Барлық жеңімпаз командалар мен қызметкерлер бағалы сыйлықтар және арнайы дипломдармен марапатталды. Оларды Аппарат басшысы Орынбасар Олжабайқызы Қожанова  салтанатты түрде табыс етіп, қатысушыларға Қоғам басшылығы атынан ризашылығын білдірді.