«OTAU TV» абоненттік базасы өсіп келеді

2014 жылдың нәтижесі бойынша цифрлық телехабар тарату қызметінің Қазақстан нарығына дендеп ену деңгейі 21 пайызды құрады, бұл былтырғы көрсеткіштен 9 пайызға артық. Өткен жылы Ұлттық эфирлік және жерсеріктік телехабар тарату желілері абоненттерінің жалпы саны 940 мыңнан асты. Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телерадиохабар тарату желісінің абоненттік базасы 2014 жылдың басынан бері 6 пайызға өсіп, 796185-ті құраса, цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі абоненттерінің саны 144 440-қа жетті.

Айта кетерлік жәйт, 2014 жыл телерадиохабар тарату саласында оқиғаларға толы болды. Мәселен, 2 шілдеде «Индустрияландыру күні» аясында Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен «Қазтелерадио» АҚ «GALAM TV» Қазақстан Республикасының Ұлттық интернет-хабар таратуы» және «Телегазет» жаңа жобаларын іске қосты.
«GALAM TV» интернет-таралымы Ғаламтор желісі бар әлемнің кез келген нүктесінен қазақстандық және шетелдік телеарналарды көруге мүмкіндік береді.
Қазір жобаны әзірлеушілер ұялы байланыс құрылғыларына үміт артып отыр – қызмет iOS және Android-та жұмыс істейтін смартфондар мен планшеттерде қолжетімді. Оның үстіне, жеке компьютерлерде браузер арқылы «GALAM TV» көруге болады. Алдағы уақытта қызмет ОТТ-приставкасының көмегімен кәдімгі теледидардан да жұмыс істейді. Бүгінде «GALAM TV» көрермендеріне танымал деген 48 отандық және шетелдік телеарнаны тамашалау ұсынылған. Жақын арада арналар саны 70-ке дейін ұлғайтылады.
«Телегазет» жобасы – ұлттық жерсеріктік және цифрлық эфирлік телерадиохабар тарату желілерінің барлық абоннеттеріне өз теледидарының экранынан әлемде болып жатқан маңызды оқиғалар туралы ақпарат береді. Яғни біздің көрермендер республикалық «Егемен Қазақстан» мен «Казахстанская правда» газеттерінің соңғы нөмірін теледидар экранынан күнбе-күн қарап, оқи алады. Ал бұл шалғай орналасқан ауыл тұрғындары үшін маңызды қызмет болып табылады.
«Қазтелерадио» АҚ стратегиялық міндеттемелерінің бірі Қазақстан Республикасында цифрлық эфирлік телехабар таралымын енгізу болып табылады. Бүгінде қазақстандықтардың 72 пайызы отандық телеарналарды бейне мен дыбыстың цифрлық сапасында көре алады. Астана, Алматы қалалары, барлық облыс орталықтарында, Шығыс Қазақстан, Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл мен Алматы облысының шекаралық аумақтарында, сондай-ақ Маңғыстау облысында толығымен 15-тен 30-ға дейін отандық телеарнаны эфирлік цифрлық желіде тамашалауға мүмкіндік бар.
ҚР Инвестициялар және даму министрлігінің стратегиялық жоспарына сәйкес, 2017 жылға қарай цифрлық эфирлік сигналдың қамту көлемі 95 пайызға жеткізіліп, 827 РТС іске қосылады. Одан кейін халықты алдын-ала хабардар ете отырып, ескірген аналогтық желіні өшіру үрдісі кезең-кезеңмен жүргізілетін болады.