Бізді 1. 000.000 отбасы таңдады!

Алматыда мамыр айында өткен «Өзекті технологиялар: ТВ – 2015» халықаралық көрмеде ҚР телерадиохабар тарату саласындағы Ұлттық операторы «Қазтелерадио» АҚ өз стендін дәл осылай атады.
Көрмеге қатысушылар телевизиялық құрылғылар мен сигнал тарату саласындағы заманауи шешімдер мен жаңа технологияларды көрсетіп қана қоймай, медиа саладағы көкейкесті мәселелерді талқылады.
Маңызды мәселелердің бірі ретінде Қазақстанның «Женева 2006» халықаралық конвенциясының аясында цифрлық хабар таратуға көшуі мен аналогтық хабар тарату желісінің өшірілуі сөз болды. «Қазтелерадио» АҚ мәліметтеріне сәйкес, ұлттық цифрлық телехабар тарату желілері абоненттерінің саны ағымдағы жылы 1.000.000 деген көрсеткіштен асты. Бұл Қазтелерадионың «OTAU TV» сауда белгісімен таратылатын жерсеріктік, цифрлық эфирлік телехабар тарату және «Galam TV» Интернет-таралым қызметтерінің жоғары сұранысқа ие екенін көрсетеді.
2012 жылы басталған цифрлық эфирлік телехабар тарату желісін енгізу жобасының бірінші кезеңі Астана, Алматы, Қарағанды, Жезқазған мен Жаңаөзен қалаларында іске қосылып, республика халқының 23% цифрлық сигналмен қамтыды. 2013 жылы цифрлық эфирлік телехабар тарату желісі барлық облыс орталықтары мен Маңғыстау облысында толығымен жұмыс істеп, қамту аумағы 51% құрады. 2014-ші жыл Оңтүстік Қазақстан, Жамбыл және Алматы облыстарында цифрлық желіні іске қосумен ерекшеленіп, халықтың 72% қамтылды. 2015 жылдың ІІІ-тоқсанында Маңғыстау облысы мен бірқатар өзге де аумақтарда аналогтық желіні өшіру жоспарланған.
Жалпы алғанда 2017 жылға қарай, цифрлық эфирлік желінің 827 РТС іске қосылып, халқымыздың 95% цифрлық сигналмен қамтылатын болады. Содан кейін аналогтық желі өшіріледі. Жер бетіндегі цифрлық эфирлік хабар тарату желісінің арқасында облыс орталықтары мен Астана, Алматы қалаларында 30 шақты телеарна, ауылдық және аудандық РТС деңгейінде 15 қазақстандық телеарна тегін көрсетіледі.