«Қазтелерадио» АҚ Наурыз мейрамын тойлады

Армысың, әз Наурыз!
«Қазтелерадио» АҚ Наурыз мейрамын тойлады

Ұлыстың ұлы күні – Наурыз мейрамын атап өтпейтін, оны асыға күтпейтін қазақ бар ма?! Наурыз – бұл тек көктемнің ғана емес, ең әуелі ізгілік пен жақсылықтың мейрамы. Наурыз – Жыл басы. Ұлыстың осы бір ұлы кұні адамдар бір-біріне деген өкпе-реніштерін ұмытып, кешірімге келген, татуласып, табысқан. «Қазтелерадио» акционерлік қоғамы да бұл мейрамды атаусыз қалдырмады. 2016 жылғы 29 сәуір күні Қоғамның Орталық аппараты аумағында Наурыз тойы тойланды.Кең болсын қазағымның керегесі,
Кетпесін Алла берген берекесі,
Алаштың баласына нәсіп болған,
Кұтты болсын НАУРЫЗ мерекесі! – деп басталған іс-шара Қоғам аумағын әсем ән мен тәтті күйге бөлеп, жұмыскерлерге мерекелік көңіл-күй сыйлады. Сахна жанына тігілген қазақтың аппақ киіз үйі де Наурыздың мазмұнын аша түскен.
Наурыз мейрамына Қоғамның Басқарма мүшелері қатысып, құттықтау сөз сөйледі. Басқарма төрағасы Хайрушев Аскар Евгеньевич, Бас техникалық директор Бажикеев Айдын Мұхамедиұлы, Бас қаржы директоры Сабдыкеева Жанар Кобландыкызы, Бас коммерциялық директор Ошурбаев Бахтияр Асенұлы, Бас әкімшілік директор Жарменов Базарбай Бақытұлы Қоғам жұмыскерлеріне сәттілік пен табыс тіледі.
Персоналды басқару департаменті ұйымдастырған Наурыз мерекесінің басым бөлігі ұлттық сипаттағы сайыстарға құрылды. «Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері» сайысында Қоғамның орталық аппаратының негізгі төрт блогы қазақтың ежелден келе жатқан тұрмыстық салт-дәстүрлерін сахналады. Алдын ала жеребе тастау әдісі арқылы Техникалық блок «Қыз ұзату», Коммерциялық блок «Тұсаукесер», Қаржы блогы «Келін түсіру», Әкімшілік блок «Бесікке салу» дәстүрлерін таңдап алған болатын. Әдемі салт-дәстүр, ұлттық киімдер, арнайы безендірілген сахна – бәрі Наурызға жиналған көрермендерді тәнті етіп, қызу қошеметке ие болды. Әсіресе, Әкімшілік блок сахналаған «Бесікке салу» дәстүрі өзінің шынайылығымен, мазмұндылығымен, сахналаудың толықтығымен жұрт көңілінен шықты. Сахналауға қатысқан М.А.Исмайлова, Қ.Р.Абдрасилова, Б.Н.Малбек, В.Е.Забированың өнеріне көрермендер ду қолшапалақтап, үлкен қолдау білдірді.
Сайыстар бөлімінің тағы бір үлкен бөлігі – қазақтың ұлттық спорт түрлерінен жарыстарға арналды. Қазақтың ежелден келе жатқан ұлттық спорт түрлері, негізінен, күш пен шыдамдылықты сынауға бағытталған. Оның ішінде осы Наурыз мейрамында ұйымдастырылған қол күрес немесе білектесу, арқан тартыс ойындары көрермендердің үлкен қызығушылығын тудырды. Қол күрес сайысына шыққан төрт жігіттің ортасынан Леонтьев Виктор жеңіске жетсе, арқан тартыста Әкімшілік блок командасының мерейі басым түсті.
Іс-шара сценарийіне сәйкес, Наурыз мейрамы одан әрі ұлттық тағамдар дайындаудан жарысқа ұласты. Әр блокқа жеребе арқылы алдын ала Қазақстан аумағында тұратын әртүрлі халықтардың асүйі бөлініп берілді: Әкімшілік блок өзбек тағамдарын дайындаса, Техникалық блок қазақ халқының ұлттық тағамдарын ұсынды. Коммерциялық блок жұмыскерлері орыс ұлтының ас-тағамдарын, ал Қаржы блогы кавказдың ұлттық тағамдарын әзірледі.
Қоғам басшыларынан құрылған қазылар алқасы әр асүйде «қонақта болып», мерекелік дастарханнан дәм татты. Дәм татып қана қоймай, өз бағаларын да бере кетті. Қазылар алқасының шешімі бойынша, орыс тағамдарын дайындаған Коммерциялық блоктың дастарханы басқалардан басым түсті. Олар орыс ұлтының ұлттық тамақтарын орыстың частушкалары орындалған музыкалық нөмірмен байыта түскен. Негізінен, төрт блок дайындаған төрт асүйдің де мерекелік дастарханы тақырыпқа сай, бай, мазмұнды, дәмді, әдемі болғанын айта кету керек. Әкімшілік блок дайындаған өзбек тағамдары өзбек ұлтына тән әдемі, оюлы ыдыс-аяқпен, Ә.Қонайқызы орындаған өзбек биімен толыға түсті. Қаржы блогының жұмыскерлері А.К.Баиркенов пен Э.Е.Салихова ұсынған кавказдың асүйінің мерекелік дастарханы ұлттық музыкамен, ұлттық нақыштағы келісті киіммен мазмұндалды. Қазақтың ұлттық дастарханы қонақтарды бәрімізге жақсы таныс буы бұрқыраған қазақша еттің иісімен, қазы-карта, қымыз, құрт, наурыз-көже сияқты жеңсік тағамдармен өзіне еріксіз тартты.
Сайыстар бөлімі аяқталғаннан кейін қонақтардың бәрі Наурызға арналып жайылған үлкен мерекелік дастарханға шақырылды. Дастархан басындағы игі тілектер, әдемі әзіл мен күміс күлкі онсыз да көңілді өтіп жатқан мерекенің шырайын аша түсті. Мерекелік дастхарханға қазаннан піскен бойда түсіріліп, ыстық бауырсақ, палау мен дәмді кәуап келіп жатты.
Наурыз мейрамы әдемі әуенмен әрленген, қазақтың күйі, әні мен биі, басқа музыкалық нөмірлерге толы өз мәніндегі нағыз той-думанға айналды десек, артық айтқандық емес. Әріптестерінің жұмыстан басқа да таланттарына куә болған Қоғам жұмыскерлері қолшапалақтап қолдау білдіріп жатты. Өзі шығарып, өзі музыкаға салып, өзі сахнадан «Оператор ЦТВ» әнін орындаған Энергетика және тіршілікті қамтамасыз ету жүйелері департаментінің менеджері Оқасов Нұржанның өнері көрермендер ықыласына бөленді. Осы өнері үшін Н.Оқасов Наурыздың арнайы сыйлығымен марапатталды.
Наурызға арналған іс-шара шеңберінде «Наурыз» тақырыбына Қоғам жұмыскерлерінің балалары арасында сурет байқауы өткізілді. Байқауға суреттерін өткізген бүлдіршіндердің бәрі Наурыз мейрамынан сыйлық арқалап қайтты.
Сондай-ақ, мейрамға жиналғандар ішінен «Ең әдемі ұлттық киім» номинациясы бойынша қазақтың бойжеткенінің әдемі ұлттық киімін киген А.А.Басова мен кавказ жігітінің ұлттық киімін киген А.К.Баиркенов арнайы сыйлықтарға ие болды.
«Қазақтың ұлттық салт-дәстүрлері» конкурсында және арқан тартыста жеңіске жеткен Әкімшілік блок, «Қазақтың ұлттық ойындары» номинациясы бойынша қол күрес сайысының жеңімпазы В.Н.Леонтьев, «Ұлттық тағамдар» конкурсының жеңімпазы Коммерциялық блок Наурыз дипломдарымен және сыйлықтарымен марапатталды.
Мерекенің өз дәрежесінде абыроймен өтуіне үлкен еңбек сіңірген іс-шараның жүргізушілері Қ.Р.Абдрасилова мен К.Б.Мұхамедияға, Қ.Т.Тұрғанбай мен А.А.Басоваға мейрам соңында алғыс айтылып, қошемет білдірілді.
Қоғам жастары Наурыз мерекесінің соңында өз күштерімен дайындалған флешмобпен көрермендердің көңілін көтеріп, іс-шараның нағыз мерекелік сипатта аяқталуына мұрындық болды. Ауа райының қолайсыздығына қарамастан, барлық жұмыскерлер мен мейрам қонақтарына бастан-аяқ шат-шадыман, мейрамға тән көңіл-күй сыйлаған бұл Наурыз мейрамы компания ұжымын біріктіріп, корпоративтік рухты бір көтеріп тастады.