Қазақстан халқының ынтымақтастығы күнімен құттықтаймыз!

Қадірлі қазақстандықтар!

 Сіздерді Қазақстан халқының ынтымақтастығы күнімен құттықтаймыз!

Бүгінде бейбітшілік пен тұрақтылық – еліміздің ең басты бағы, мемлекеттігіміздің негізі болып отыр.

Бұл мейрам қазақ жерін мекен етіп, еңбектеніп жатқан баршаның басын біріктіретін берік түйін болсын!

Құрметпен,

«Қазтелерадио» АҚ ұжымы

14-15 ақпанда «Қазтелерадио» АҚ 2012 атқарған жұмыстарының қорытындысы бойынша жиналыс өтті

Жылдық жиналыс дәстүр бойынша кеңейтілген құрамда өтті: «Қазтелерадио» АҚ Басқарма мүшелері, барлық құрылымдық бөлімше бастықтары мен облыстық радиотелехабар тарату дирекцияларының директорлары қатысты.
Басқосудың бірінші күні ОРТД директорларымен техникалық, коммерциялық, қаржылық, әкімшілік блоктардың басшылары жиналыс өткізді.

Өткен жылда атқарылған жұмыстарға қорытынды жасалып, биылғы жылға межеленген жоспарлар талқыланды. 2012 жылы «OTAU TV» қызметінің жоспарлық көрсеткіштерін сәтті орындағандары үшін Атырау, Алматы, Қызылорда және Оңтүстік Қазақстан облыстық филиалдар директорлары құрмет грамотасы мен сыйлықтармен марапатталды.

Жиналыстың екінші күнін құттықтау сөзбен басқарма Төрағасы Абай Кадралиев ашты. Ол өз сөзінде 2012 жыл «Қазтелерадио» АҚ үшін күрделі жыл болды деп атап өтті. Компания жұмысына жүйелік өзгерістер енгізу бойынша үлкен мақсат-міндеттер қойылды. Бірқатар маңызды заңдар қабылданды. «Қазтелерадио» АҚ Қазақстан Республикасының телерадиохабар тарату саласындағы Ұлттық операторы болып белгіленді. Өткен жылы компания менеджментін жетілдіріп,  ұсынылатын қызмет сапасын арттыруға арналған бірқатар заңдық актілер пысықталды. Қазақстан Республикасының Үкіметі міндетті телерадиоарналар тізімін бекітті, бұл да салаға өз өзгерістерін енгізді.

«Қазтелерадио» АҚ негізгі бағыттарының бірі Цифрлық эфирлік телетаралым жүйесін енгізу болып табылады. Өткен жылы салтанатты түрде бірінші кезең іске қосылды. Желіні іске қоспас бұрын қыруар жұмыс атқарылды, техникалық-экономикалық және қаржылық-экономикалық негіздеме дайындалды. Бұл 2015 жылға дейін Цифрлық эфирлік телехабар таралымды енгізу жалпы жоспарын жүзеге асыру жұмыстарының бастамасы ретінде бәріміз үшін тарихи сәт болып қала бермек.

2013 жылға межеленген жоспарлар туралы А.Кадралиев Қазтелерадио үшін бұл жыл одан да күрделі болады деді. Компанияға үлкен міндеттер артылып отыр. Мұндай міндеттердің бірі Ұлттық жерсеріктік «OTAU TV» телехабар тарату жобасын ары қарай кеңейту болып табылады. Биыл сондай-ақ, дилерлік желі жұмысын жақсарту бойынша өзгерістер енгізу көзделген.

Облыстық маңыздағы барлық қалаларда Цифрлық эфирлік телехабар таралымын енгізудің 2 кезеңін жүзеге асыру және барлық нысандарды радиохабар таралымды ұйымдастыру жоспарланған. Тұтынушылар үшін жаңа интерактивтік қызметті құру межеленген.

Биыл кең көлемді іс-шаралар жоспарына қол қойылды. Ол құжат бойынша халыққа цифрлық эфирлік телехабар тарату жүйесінің артықшылықтарын түсіндіру бойынша кең көлемді жұмыс басталуы тиіс.

Басқарма Төрағасы А.Кадралиев Қоғам қызметкерлеріне алға қойылған мақсат-міндеттерді орындау кезінде айқындық, жинақылық пен жауапкершілік танытуды, компания беделін асырып, нәтиже көрсеткіштерін жақсартуға бағытталған бизнес-үрдістерді жетілдіріп, оңтайландыруды тапсырды.

2012 жылдағы жұмыстарға есеп беру жиналысының екінші күнінде «Қазтелерадио» АҚ бас директорлары да сөз сөйледі. Ары қарай «дөңгелек үстел» барысында жиынға қатысушылар жұмыс барысында туындаған мәселелерге шешім іздеп, алға қойылған жоспарлар талқыланды.

 

 

Мемлекет басшысы «Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасын бекіту туралы» жарлыққа қол қойды

«Ақпараттық Қазақстан – 2020» бағдарламасының негізгі мақсаты – Қазақстанның ақпараттық қоғамға өтуін қамтамасыз етуге жағдай жасау. Бұл туралы ҚР Көлік және коммуникация министрлігінің баспасөз-қызметі хабарлайды. Бағдарламаны ҚР Көлік және коммуникация министрлігі Мемлекет басшысының «ҚАЗАҚСТАННЫҢ ӘЛЕУМЕТТІК ЖАҢҒЫРТЫЛУЫ: Жалпыға Ортақ Еңбек Қоғамына қарай 20 қадам» атты мақаласында айтылған тапсырма аясында мүдделі мемлекеттік органдармен және сарапшылармен бірлесе отырып әзірледі.

Мемлекеттік бағдарлама мемлекеттік басқару жүйесінің тиімділігін арттыруды қамтамасыз ету, инновациялық және ақпараттық – коммуникациялық инфрақұрылымның қолжетімділігі, қоғамның әлеуметтік – экономикалық және мәдени тұрғыда дамуы үшін ақпараттық ортаны қалыптастыру, сондай-ақ отандық ақпараттық кеңістікті дамыту мәселелерін шешуге бағытталған.

Ақпараттық технологияларды мемлекеттік органдардың барлық деңгейінде қолдану бақылау жүргізу мәселесінде бірізділікті қамтамасыз етіп, бизнес – процестер мен мәліметтердің бір-бірін қайталауын болдырмайды. Бұл өз кезегінде бюджет қаражаты шығынын азайтуға және ұсынылатын қызметтердің сапасын арттыруға мүмкіндік береді.

Осы және өзге де міндеттер бірқатар іс-шаралар арқылы жүзеге асырылатын болады. Мысалы, мемлекеттік органдардың Бірыңғай ақпараттық-талдау ортасы құрылады. Ол мемлекеттік басқару реформаларын келісе отырып жүргізудің негізгі құралы болмақ.

«Электрондық үкіметтің» Сall-орталығының базасында мемлекеттік қызмет көрсету мәселелері, оның ішінде көрсетілген мемлекеттік қызметтердің сапасына шағымдарды қабылдау және мемлекеттік қызметтердің статусы мен әзірлігінің деңгейі жөніндегі Бірыңғай Сall-орталығын дамыту көзделуде.

Заңды және жеке тұлғалардың мемлекеттік және үкіметтік емес қызметтерді көрсету және ұйымдастыру, жеке мәліметтерді қолдану мәселелері бойынша мемлекеттік органдармен ресми түрде ақпарат алмасу үшін азаматтың Жеке кабинеті құрылады. Сонымен бірге, қоғамдық қолжетімділік пункттерінің саны да айтарлықтай көбейетін болады. Бұған қоса, қазіргі қолданыстағы пункттердің құрылғылары жаңартылады.

Сондай-ақ, қандай саланың қызметкерлері болмасын, олардың компьютерлік сауаттылығын АКТ жұмысында қолдануға қажетті деңгейге дейін арттыру үшін мамандандырылған курстар ашылатын болады.

Орта және шағын бизнес кәсіпкерлері, жұмыссыздар немесе жұмыспен жартылай қамтылған жастар, денсаулығына байланысты мүмкіндігі шектеулі жандар, қарттар және халықтың әлеуметтік жағынан қорғалмаған тобы үшін де компьютерлік сауаттылық курстары ұйымдастырылады. Бұл курстарда азаматтарды компьютерді жалпы қолдану және мемлекеттік қызметтерді электрондық нұсқада алу машықтары үйретілетін болады.

Денсаулық сақтау саласын дамыту мақсатында қажет кезінде телекөпірлер мен консилиумдар, саланың жетекші мамандарымен консультациялар ұйымдастыруға мүмкіндік беретін қорғалған бірыңғай ақпараттық желі құрылады.

Билеттер электрондық нұсқада сатылатын бағдарлардың (рейстер мен бағыттардың) үлесі 2017 жылы – 40%-ды, 2020 жылы – 100% -ды құрайтын болады деп көзделуде. Қазақстандық телеарналардың таралу географиясы 2017 жылы – 100 елді қамтитын болады, ал 2020 жылы – 110-ға жетеді деп күтілуде. Ал, халықтың компьютерлік сауаттылығы 2020 жылға қарай 80%-ды құрауы тиіс.

Бұдан басқа, 2020 жылға қарай Қазақстанда эфирлік цифрлық желі құрылып, ол ел тұрғындарының 95%-ын эфирлік хабар таратумен және еліміздің аумағын 100% спутниктік хабар таратумен қамтитын болады.

Бүгін Қазақстан Республикасының Көлік және коммуникация министрлігінде шағын қалаларда ұлттық телевизияға ұжымдық қолжетімділікті ұйымдастыру мәселесі қаралды. Осының аясында Астана және Алматы қалаларының әкімдіктеріне, сонымен бірге «Қазтелерадио» АҚ-на тиісті міндеттер жүктелді.

«Ақпараттық Қазақстан-2020» мемлекеттік бағдарламасында мемлекеттік басқарудың тиімді жүйесін құрудың негізгі жолдары ретінде анықталған ақпараттық технологиялар – әкімшілік реформалардың құралы және катализаторы ретінде қарастырылып отыр.

Бағдарлама аясында мемлекеттік органдардың рұқсат беру және бақылау-қадағалау қызметтері жүйесін жетілдіру жөнінде шаралар іске асырыла бастады. Сонымен бірге, мемлекеттік қызметтерді көрсетуде бизнес – процестерді оңтайландыру және автоматтандыруға бағытталған шаралар жүзеге асырылуда. Бұлар уақытша және бизнес шығындарын азайтуға, әкімшілік кедергілерді қысқартуға, мемлекеттік органның бақылау қызметін реттеуге және халыққа ұсынылатын мемлекеттік қызметтердің тиімділігі мен сапасын арттыруға бағытталған.

Аталған бағытта АКТ барлық салаларға енгізу арқылы мемлекеттік басқаруды жетілдіру, ашық әрі «мобильді үкімет» құру, ақпараттық инфрақұрылымның қолжетімділігін дамыту, азаматтардың электрондық білім беру мен денсаулық сақтау салаларына қолжетімділігін қамтамасыз ету және т.б. мәселелерді шешілетін болады.

Қазақстанда міндетті телеарналар тізімі бекітілді

Үкімет республика аумағында хабар тарататын міндетті теле-, радиоарналар тізімін бекітті.

Тиісті қаулыға үкімет басшысы Серік Ахметов 28 желтоқсанда қол қойды және ол бүгін ресми ақпарат құралдарында жарияланды.

Тізімге кірген телеарналар: «Қазақстан», «Мәдениет», «Балапан», «Хабар», «Ел арна», «Kazakh TV», «Білім», «24 KZ», «Астана», «КТК», «НТК», «7 арна», «31 арна», «СТВ».

Құжат алғашқы ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткеннен кейін күшіне енеді.

ИНТЕРФАКС-ҚАЗАҚСТАН